12:45, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Оралда ІІ қысқы спартакиада ойындары өтіп жатыр
ОРАЛ. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Оралда допты хоккейден өтіп жатқан Қазақстанның ІІ қысқы спартакиада ойындарында Батыс және Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының командалары сәтті өнер көрсетуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Олардың қос-қостан жеңістері бар. Батысқазақстандықтар қызылордалықтарды 16:0, Алматы қаласы командасын 13:2 есебімен ұтса, Ақтөбе намысын қорғайтын хромтаулықтар павлодарлықтарды 6:5, талдықорғандықтарды 19:0 есебімен жеңді. Шығысқазақстандықтар талдықорғандықтарды дәл сондай есеппен, ал павлодарлықтарды 13:2 есебімен тізе бүктірді. Командалар екі топта өнер көрсетуде. Алғашқы екі орынды иеленген құрамалар жүлделі орындар үшін таласады.
Жалпы, еліміздің екінші қысқы спартакиадасы бағдарламасына спорттың 14 түрі енгізілген. Допты хоккей сайысының Орал жерінде өткізілуі тегіннен-тегін емес. Биылғы ақпанда Оралда осы спорт түрінен бастапқы командалық жарыстардың ұйымдастырылғанына 80 жыл толып отыр.