Оралда инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау мәселелеріне арналған семинар болды

None
None
ОРАЛ. 29 маусым. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы «Алгоритм» технопаркінде шағын және орта бизнес субъектілеріне инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау тетіктерінің бірі - технологиялық бизнес-инкубациялаудың бағдарламасын  түсіндіру мақсатындағы семинар өтті.

Аталмыш бағдарлама 2010 жылы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің тапсырысы бойынша «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ-мен жасалған. Алайда биыл бағдарлама өзгеріске ұшырап, көрсетілетін қызметтер тізімі кеңейіп, инновациялық жобаны іске асыруға бөлінетін жылдық қаржы 8 АЕК-ке дейін (шамамен 13 млн. теңге) өсірілді.

Осы бағдарлама шеңберінде технопарк базасында инноваторлардың  идеяларын жүзеге асыруды қолдау бойынша кешенді сервистік және инфрақұрылымдық қызмет көрсету жұмыстары жолға қойылған. Жоба авторларына бухгалтерлік және заңгерлік, маркетингтік қызмет жағынан қолдау көрсетіледі, бизнес жоспар және техникалық құжаттама жасауға, инфрақұрылыммен қамтуға, зертхана жалдауға, сынақтан өткізуге, елімізде патент алуға көмек көрсетіледі. Технопарктер арқылы инновациялық жобаның іске асырылуына қажетті көмек-қолдау түгелдей көрсетіледі. Мұндай мүмкіншілікке ие болу үшін новаторлардың жобалары  конкурстық іріктеуден өтеді. Ол үшін технопаркке келіп, өтініш жазады және жобаның құжаттарын тапсырады. Әрі қарай бұл өтініш «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ-ға жолданады, агенттік оң шешім шығарса, технологиялық бизнес инкубациялау қызметін көрсетуге шешім қабылданады.  Мұндай қызмет тек екі жыл мерзімге көрсетіледі.  

«Алгоритм» технопаркінің бизнес инкубациялау бөлімінің бастығы Павел Проскуриннің айтуынша, бағдарлама шеңберіндегі екі жыл ішінде технопаркте сараптамадан 5 жоба өткен. Оның үшеуі  Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, екеуі - технопарктің  өз жобасы. Олар негізінен  құрылыс индустриясы (пенобетон, пеноәйнек) және мұнайгаз салаларына қатысты жасалған. Күллі еліміздегідей облыста да инновациялық белсенділіктің төмендігі байқалады. Жобаларды қабылдаудың биылғы бірінші кезеңі 16 шілдеге дейін, екінші кезеңі  қыркүйектің 3-іне дейін. Осы мерзімнен кешіккен өтініштер қаралмай, келесі жылға сырылады.  

Соңғы жаңалықтар