Оралда Исатай мен Махамбетке арналған ғылыми конференция ұйымдастырылды

Махамбет Өтемісұлының туғанына 210 жыл, Исатай Тайманұлының туғанына 222 жыл толуына орайластырылған конференция облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Исатай-Махамбет» қоғамдық қорының және Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының ұйымдастыруымен өтті. Конференцияның пленарлық мәжілісінде сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов азаттықты көксеген қозғалыс бүгінгі тәуелсіздігіміздің бастауында тұрды деп баға берді.
XIX ғасыр Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстың қазаны бұрқ-сарқ қайнаған уақыт. Бодан болмаймыз деп ереуіл атқа ер салған Махамбет пен Исатай бастаған Кіші жүздегі көтеріліс отаршыл орыс билігін ойлануға, қалың қазақ мүддесімен санасуға мәжбүр етті. Арада екі ғасыр өтсе де «қара қазан, сары баланың қамы үшін» егеулі найза қолға алған қас батырлардың өмірі, талайлы тағдыры бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде тарих ғылымдарының докторы Ханкелді Әбжанов «Махамбет мұрасы және ұлт-азаттық қозғалысы», тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев «Исатай Тайманұлы бастаған азаттық қозғалысы және оған бүгінгі көзқарас жөнінде», жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әнес Сарай «1816 жылғы Өтеміс оқиғалары: тарихы мен кейінгі зардаптары», филология ғылымдарының докторы Сейіт Қасқабасов «Махамбеттанудың өзекті мәселелері» тақырыптарында құнды баяндамалар жасады. Қазақ драма театрына жиылған зерделі қауым башқұрстандық қос ғалым Шамил Нафиков пен Андрей Трегубовтың, батысқазақстандық ғалым, тарих ғылымдарының докторы Тұяқбай Рысбековтің, ақтөбелік Алтай Тайжановтың баяндамаларын да қызығушылықпен тыңдап, жылы қабылдады.
Конференция барысында секциялық отырыстар өтіп, барлығы 50-ден астам баяндама жасалды. Конференция қонақтары сондай-ақ Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда батысқазақстандық өнер шеберлері ұйымдастырған концертті тамашалады.