13:06, 14 Қараша 2016 | GMT +5
Оралда кафедегі тамақтан уланғандардан сальмонеллез ауруы анықталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы кафелердің бірінен тамақтанған барлығы 29 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Флюра Саматованың айтуынша, соның ішінде 8-і - балалар, оның біреуі тіпті төрт жасқа да толмаған. Олар өткен аптаның сәрсенбі, бейсенбі, жұма күндері ауруханаға жатқызылған.
«Бастапқыда түскен 24 науқастан сальмонеллез ауруы анықталды. Қалған бесеуіне қатысты қорытынды әлі келген жоқ. Олар шамамен 7-10 күндей емделеді, жағдайлары қанағаттанарлық», деді Ф.Саматова.
Еске сала кетейік, ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлағанындай, ауруханаға түскендер Д.Қонаев атындағы шағынаудандағы «М6» сауда үйінде орналасқан «Бургер стрит+» кафесіндегі тез дайындалатын бургерлермен тамақтанған. Кафенің иесі «Қабекешев Н.» жеке кәсіпкерлігіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.