08:38, 29 Желтоқсан 2013 | GMT +5
Оралда қаланы жаңажылдық безендіруде үздік шыққан кәсіпорындар марапатталды
ОРАЛ. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов кеше жаңажылдық безендіруде үздік шыққан кәсіпорындарды марапаттады.

Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, қалаға мереке қарсаңында ерекше көрік қосқан «Жайық жарығы» ЖШС-ға диплом табыс етілді. Сондай-ақ «Пафос» мейрамханасы, «Квант» сауда үйі, «Картел» ұялы телефон операторы, «Орал» сауда ойын-сауық орталығы өз салалары бойынша аталымдарға ие болды.
Жаңа жыл қарсаңында сауда орталықтары, базар, дүкендер, кафе, мейрамханалар, тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындары қасбеттерін мерекелік реңге келтіріп, өз аумақтарындағы ағаштарды да қызылды-жасылды түске малындырып қойды.