Оралда «КамАЗ» бен жеңіл көлік соқтығысып, бір адам қаза тапты
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда «КамАЗ» бен жеңіл көлік соқтығысып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, 72 жастағы әйел жедел жәрдем келгенге дейін мерт болды. Жабық бас-ми жарақатын алған 78 жастағы ер адамның миы шайқалған, оң жағындағы 6-7 қабырғасы сынған. Ол облыстық көпбейінді аурухананың хирургиялық бөлімшесіне жатқызылды.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға бүгін сағат 10.40-та Орал-Саратов күре жолы мен Пятимар көшесінің қиылысында болды.
«КамАЗ» бен «ВАЗ-2108» автокөлігі түйісті. Соның салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Сол көлікте отырған жолаушы әйел оқиға орнында көз жұмды.

Қазіргі кезде ҚР 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Биылғы тоғыз айда өңірде 213 жол-көлік оқиғасы (2019 жылы осы мерзімде – 226, 5,8 пайызға кем) болып, соның салдарынан 50 адам (78, 35,9 пайызға аз) қаза тауып, 251-і (294, 14,6 пайызға кем) түрлі жарақат алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жол апатынан екі адам қаза тапқанын жазған болатынбыз.