Оралда қарақшылық шабуыл жасады деген күдікті 29 жылдан кейін Ресейде ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — 1997 жылы Оралда тұрғын үйге қарулы қарақшылық шабуыл жасады деген күдікке ілінген 62 жастағы қазақстандық Санкт-Петербургте ұсталды. Ол 29 жыл бойы іздеуде болған. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі мәлім етті.
ІІМ-нің дерегінше, жыл басынан бері полиция іздеуде жүрген 1 231 күдіктіні ұсталған.Сонымен қатар хабар-ошарсыз кеткен 20 110 азаматтың жүрген жерін анықтады. 4 қарашада Семей қаласында полиция қызметкерлері Қытайға бағыт алған жүк пойыздарынан мыс концентратын жүйелі түрде ұрлады деген күдікпен іздеуде жүрген 45 жастағы ер адамды ұстады. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 6 млн теңгеден асты.
20 қарашада Алматы қаласында Абай облысының полиция қызметкерлері 2020 жылғы қаңтарда Семей тұрғынынан күш қолдану арқылы 1 млн АҚШ долларын бопсалады деген күдікпен 40 жастағы ер адамды ұстады.
— Ішкі істер министрлігінің іздестіру жұмыстары ел аумағымен шектелмейді. Шетелдік құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылдың нәтижесінде жыл басынан бері Қазақстаннан тыс жерлерде іздеуде жүрген 149 адам ұсталды, — деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің өкілі Бекзат Кемал.
22 қарашада Санкт-Петербург қаласында 1997 жылы Орал қаласында қарулы қарақшылық шабуыл жасады деген күдікке ілінген Қазақстанның 62 жастағы азаматы ұсталды. Қолда бар деректерге сәйкес, ер адам кейіннен сотталған сыбайласымен бірге тұрғын үйге кіріп, күш қолдану арқылы жәбірленушінің мүлкін иемденген. 20 қарашада Ташкент қаласында Қарағандыда қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен 2025 жылдың қазан айынан бері іздеуде жүрген Қазақстанның 40 жастағы азаматы ұсталды. Келтірілген залал 4 млн 350 мың теңгені құрады.
— ІІМ қылмыстың қашан жасалғанына және іздеуде жүрген адамдардың қай жерде екеніне қарамастан, оларды анықтау және ұстау бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Жазаның бұлтартпастығы — Заң мен Тәртіп қағидатының негізгі ұстанымдарының бірі, — деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің өкілі Бекзат Кемал.
Айта кетейік, жақында 2021 жылдан бері іздеуде болған әйел Түркиядан Қазақстанға депортацияланды.