18:06, 10 Қазан 2012 | GMT +5
Оралда қараусыз қалған балалар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды
ОРАЛ. 10 қазан. ҚазАқпарат - Оралда тоғыз жасар Вячеслав, төрттегі Валентин және екідегі Светлана Дозоровтардың бір айдай уақыт бойы қараусыз қалғаны белгілі болды.

Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, балалар Зачаган кенті Құрылысшылар көшесі, 5, 2-пәтерде анасы Татьянамен тұрған. Көршілерінің айтуынша, анасының үйінде болмағанына бір айдан астам уақыт өткен.
Қазіргі уақытта Вячеслав және Валентин Дозоровтар БҚО бойынша кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, ал С.Дозорова «Облыстық балалар емханасы» МКК-ге орналастырылды. Зачаган полиция бөлімі кәмелетке толмағандардың анасы Т.В.Дозорованы іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ оны ата-аналық құқығынан айыру үшін материалдар жинақталуда.