Оралда кәрістердің Қазақстанға қоныстанғанына 75 жыл толуына арналған шара өткізілді

Салтанатты жиналыста облыстық кәріс қауымдастығының төрағасы Максим Пак құттықтау сөз алып, Қазақстанды екінші Отанына айналдырған кәріс халқының тарихына қысқаша шолу жасады.
- Кәріс халқының депортацияға ұшырап, ата қоныстарынан басқа жерге еркісіз көшірілуі бұл халықтың үлкен трагедиясы, бастан кешкен қасіреті болды. Сонау 1937 жылы Қиыр Шығыс өлкесінен Қазақстанға, соның ішінде Батыс Қазақстан облысына келген кәріс халқын құшақ жая қарсы алып, ақтық нанын бөліп берген қазақ ұлтына айтар алғысымыз шексіз. Сондықтан да сіздердің алдарыңызда бас иеміз, - деді Максим Пак.
-Біздің облыста 90-ға жуық ұлт өкілдері өздерінің жақсы қасиеттерін танытып, бірлігі жарасқан халық болып өмір сүруде. Оның бір мысалы, 31 этно-мәдени орталыққа топтасқан ұлттар мен диаспора өкілдері Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елімізде тұрақтылық пен өзара достықты, ұлтаралық қатынасты нығайту жөніндегі салиқалы саясатын бірауыздан қолдап, облысымыздың экономикалық-әлеуметтік дамуына елеулі үлестерін қосуда,- деді құттықтау сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. - Біз кім-кімді де ұлтына, дініне, көзіне бөліп қарамаймыз. Сонау 1937-1938 жылдары облысқа келген кәрістерге көңілі дархан, қонақжай қазақ халқы достық құрметпен қарап, бауырларындай қарсы алды. Міне, соның нәтижесін бүгін бәріміз көріп отырмыз. Бүгінгі салтанатқа республикамыздың түкпір-түкпірінен қонақтар келді. Жаңа ғана өңіріміздегі кәріс қауымдастығының бастамасымен жүзеге асқан «Қазақ халқына мың алғыс» атты ескерткіш монументтің ашылуына куә болдық. Оның басы - қасында болған қауымдастықтың басшылары мен аға буын ағаларға ризашылығымызды білдіреміз. Кейінгі ұрпақ артта қалған күндерге жіті көз жүгіртіп, өткенді ұмытпауы керек. Осыны естен шығармайық, ағайындар,- деді Нұрлан Асқарұлы.
Бұдан соң облыс басшысы бір топ кәріс ұлты өкілдеріне Қазақстан халқы Ассамблеясының және облыс әкімінің алғыс хатын табыс етті.
-Орал жеріне жолым түсіп, облыс өмірінде орны ерекше, қайталанбас оқиғаларға куә болдым. Ал бүгінгі өтіп жатқан шарадан алған әсерім тіпті ерекше болды, - деді Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев. - Қиын сәтте қол ұшын берген қазақ халқына шын пейілден алғыс сезімдерін білдірген барлық ұлт өкілдеріне біз де ерекше құрметпен қараймыз. Ғасырға ұласқан достығымыз мәңгілік болсын.
Салтанатты жиында құрметті қонақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан кәрістері қауымдастығының төрағасы Роман Ким жиналғандарды мерекемен құттықтап, бір топ ардагерлерге Құрмет грамотасын табыс етті.
Салтанатты жиналыс Алматы кәріс театры әртістерінің және облыс өнер ұжымдарының мерекелік концертіне ұласты.