Оралда кәсіпкерлер бас қосып, өзекті мәселелерді талқылады

Отырыста кәсіпкерлер кеңесінің жаңа төрағасы - «Конденсат» компаниялар тобының басшысы Валерий Жүнісов таныстырылды. Сондай-ақ кеңес құрамына «Жайықброкер» ЖШС директоры Андрей Голубев, «ЭКСПО» ЖШС бас директоры Александр Наугольнов, «Василец» ЖШС директоры Алексей Василец, «Гидромаш-Орион» компаниясының бас директоры Вячеслав Чавкин ұсынылды.
Кеңесте алдымен кәсіпкерлердің жер телімін алудағы қиындық-кедергілер сөз болып, оны шешу бағытында ұсыныс-пікірлер айтылды. Сонымен қатар тариф мәселесі де көтерілді. Коммуналдық қызметке бағаны белгілеуде сарапшы ұйымдармен келісілмейтіні, кәсіпкерлердің мүддесі ескерілмей қалатыны әңгіме арқауына айналды. «Атамекен» одағы» Қазақстан ұлттық-экономикалық палатасы ЗТБ БҚО филиалының директоры Айнагүл Ақашаеваның айтуынша, соңғы кезде, мәселен, жылу бағасының екі-үш есе өсіп кетуі шағын бизнеске ауыр тиіп отыр.
Отырысқа қатысушылар жаңа бизнес жобаларын жүзеге асыру жолында идеяларды жинақтау бастамасын қолдады. Идеялар жөніндегі ақпараттар «Атамекен» одағының таяу арада іске қосылатын дербес сайтында жарияланып отыратын болады.
Кеңес соңында ұлттық палатаның орталық аппараты атынан «Даму» қоры БҚО аймақтық филиалының директоры Әлия Сәлиеваға бизнеске қосқан үлесі үшін ІІІ дәрежелі «Атамекен» медалі табыс етілді.