Оралда кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай өткен басқосуда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Валихан Разов баяндама жасады. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың жай-жапсары жөнінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аймақтық филиалының директоры Әлия Сәлиева әңгімелеп берді. Оның айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері аймақтық үйлестіру кеңесі бірінші және үшінші бағыттар бойынша 39 жобаны мақұлдады. Соның ішінде демеуқаржы алу жөнінде 32 келісім-шартқа қол қойылды. Екінші бағыт бойынша жұмыс тобы мақұлдаған 7 жеті жобаның бесеуі бойынша келісім жасалды. Төртінші бағыт - кәсіпкерлік әлеуетті нығайту үшін «Бизнес кеңесші» жобасы аясында 605 адам оқыды. 15 адам «Назарбаев Университет» АҚ-да білімін ұштауға жолдама алды. 22 кәсіпкер «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша оқуға жіберілді.
Дөңгелек үстел басында кәсіпкерлер сауалдарына БҚО бойынша кедендік бақылау және салық департаменттерінің өкілдері жауап берді.