Оралда кәсіподақ ұйымдарының мәселесі талқыланды

ОРАЛ. 25 қазан. ҚазАқпарат - 24 қазан күні Оралда облыстық, мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподақтарының пленумы өтті.
None
None

«Нұр Отан» ХДП БҚО филиалында болған бұл жиынға облыс әкімінің орынбасары Алмаз Бадашев, облыстық мекеме басшылары, аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан аталмыш ұйымның төрағасы Төлеген Мерғалиев Елбасымыздың «Қазақстаннның әлеуметтік жаңғыруы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласына байланысты кәсіподақ алдында тұрған міндеттерді айтты.

«Биыл кәсіподақтар үшін ерекше жыл болып отыр. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарына қолдау көрсету, олардың беделін көтеру мақсатында еліміздің кәсіподақтар федерациясы ағымдағы жылды бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы деп жариялады. Соған орай біздің кәсіподақтың аясы кеңіді, мүшелерінің саны артты. Мәселен, өткен жылдың басында 181 бастауыш ұйымында 3131 адам болса, биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ұйым саны 302-ге жетіп, кәсіподақ мүшелерінің саны 6290 адамды құрады. Барлық кәсіподақ ұйымы мен жұмыс беруші арасында ұжымдық шарт жасалды. Онда еңбек қауіпсіздігін сақтауға, жұмысшылар мен олардың отбасы мүшелерінің денсаулығын жақсартуға жете мән берілген», - деді Төлеген Тастайұлы.

Облыс әкімінің орынбасары Алмаз Бадашев Елбасымыздың бағдарламалық мақаласының мәні мен маңызы зор екенін атап өтті. Мемлекеттік мекеме қызметкерлері кәсіподағының бүгінгі қоғамдағы рөлі үлкен. Ұйым жастардың мемлекеттік қызметке келуіне өз үлесін қосуы керек. Елдің бірлігіне де ұйытқы болғаны жөн. Сөйтіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» жұмыс істелсе, ол берекелі болмақ.

Кәсіподақтың аудандағы бөлімшелері де табысты жұмыс істеуде. Мысалы, 2009 жылы құрылған Зеленов аудандық филиалы 606 мүшесі бар 38 бастауыш ұйымнан тұрады. Филиал төрағасы Жігер Меңешовтың айтуынша, кәсіподақ өкілдері жазатайым әрі қайғылы жағдайларды тексеру мен тергеулерге қатысып, оқиғаның себеп-салдары талдамасын жүргізіп отырады.

Биылғы кәсіподақ жылына орай республикалық деңгейде «Күшті бастауыш ұйым - күшті кәсіподақ» байқауы өткізілді. Соның нәтижесінде ҚР мемлекетік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының шешімімен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Дәл осындай медалді Ақжайық аудандық мемлекеттік мекемелер кәсіподағының төрағасы Серік Бахманов, облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті бастауыш ұйымының төрайымы Меңсұлу Жұматова өңірлеріне тақты. Жеңімпаз деп танылғандардың қатарында Круглоозерный психоневрологиялық медициналық әлеуметтік мекемесінің, облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты суда құтқару қызметінің, Ақжайық аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің кәсіподақ ұйымдары бар.

Соңғы жаңалықтар