Оралда кәсіптік білім мәселелері талқыға салынды
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, техникалық және кәсіптік білім беру саласы алдында тұрған басты міндеттің бірі - жұмысшылар немесе орта буын мамандарын даярлау. Оның кәсіби біліктілігі жоғары, бәсекеге қабілетті болуы шарт.
Соңғы үш жылда кәсіптік білім саласына 24 жаңа мамандық енгізілсе, соның жетеуі биылғы жылдың үлесінде. Облыста 26 мың жас 128 мамандық бойынша білім алуда. Бірақ олардың бәрі бірдей диплом алып шыққаннан кейін мамандығы бойынша жұмысқа орналаса ма, мәселе сонда. Қазіргі таңда жұмыссыздардың жартысынан астамы - 18-34 жас аралығындағылар.
Форумға қатысушылар жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, жас мамандардың техникалық деңгейін арттыру, шетелдіктердің орнын қазақстандық кадрлармен алмастыру, түлектерді жұмысқа орналастыру төңірегінде өз ұсыныс-пікірлерін айтып, алда тұрған міндеттер жөнінде қарар қабылдады.