Оралда қатты тұрмыстық қалдықтар полигонынан тағы да өрт шықты
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласына қарасты Зачаган кентінен 15 шақырым қашықтықта орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны отқа оранды.
Қоғам белсендісі, эколог Дәуренбек Сахымның мәлім еткеніндей, полигон қатты жанып жатыр. Жел күшті. Енді қала халқына үйлердің терезелерін жауып, түтіннен қорғануына тура келеді.
Осыған орай Kazinform тілшісі БҚО ТЖ департаментіне арнайы сауал жолдаған еді.
Департаменттің баспасөз қызметі Зачаган кентіндегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қоқыстың жанғанын растады.
Оқиға орнына ТЖМ бөлімшелері жедел жетіп, өрттің одан әрі таралуына жол берілмеген. Өрт 500 шаршы метр аумақта оқшауланды. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға БҚО ТЖ департаментінен 26 адам, 8 техника, жергілікті атқарушы органдардан 3 адам, 3 техника жұмылдырылды.
— Қазіргі уақытта қоқыстың жанып жатқан учаскелеріне су құйылып, су төгілген және өрт сөндірілген аумақтар топырақпен жабылуда. Өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасуда. Жағдай ТЖМ бақылауында, — деп хабарлады ведомстводан.
Бұл Оралдағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының бірінші рет өртенуі емес. Мұндай оқиға өткен жылдары да, биыл да орын алған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны өртенгенін жазған едік.
Сондай-ақ Оралда төтенше жағдай жарияланды.