Оралда «Қауіпсіз жол қозғалысы» шарасы аясында байқаулар ұйымдастырылды
БҚО ІІД жол полициясы басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Нұртай Лезовтың хабарлағанындай, жол ережесін білу, көлік жүргізу, жол апаты бола қалған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетуден қаладағы автомектептер курсанттары сынға түсті. Оған барлығы 12 үміткер қатысты. Бір қызығы, байқау барысында қыздар ұқыптылығымен, ептілігімен көзге түсті. ҚР көлік құралдарын жүргізу одағының өкілі Ольга Панова жеңімпаз атанса, «Самат» автомектебінен келген Татьяна Балалаева екінші, Сулейман Гасанов («Тілек» автомектебі) үшінші орынды еншіледі. Оларға грамота, кубоктар табыс етілді.
Осындай сайыс жол полициясы қызметкерлері арасында да өткізілді. Жігіттерден капитан Болат Жаңабаев үздік атанса, қыздардан Жанна Садырова (ол да капитан) озық шықты.
Сондай-ақ қала мектептерінде оқитын 1-2-сынып оқушылары сурет салып, шығарма жазудан өз өнерлерін көрсетті.