Оралда Қазақстан мен Ресей шекаралас аймақтарының І халықаралық интеграциялық конгресі болды

ОРАЛ. 9 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 8-9 ақпанда Орал қаласында Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының І халықаралық интеграциялық конгресі болды.
None
None

БҚО әкімдігі, облыстық білім басқармасы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының облыстық бөлімшесі, «Алгоритм» технопаркі және Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті ұйытқы болған кеңеске отандық және ресейлік инженер-мамандар мен ғалымдар, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу кешендерінің жетекшілері қатысты.

Қазақстан бүгінгі таңда өзінің индустрияландыру және экономиканы технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі жоспарларын нақпа-нақ айқындап алды. Соның дәлелі - 2010 жылдың қаңтарында қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы. Жалпы отырысты ашқан облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен аталмыш бағдарлама аясында өңірде табысты жүзеге асқан бірқатар жобаларға тоқталды. «Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов экономикалық мәселелерді шешу арқылы тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті технологияны дамытуға баса мән береді. Ең алдымен облыс экономикасының басым бағыттарын нақты айқындап алып, кейін сол салаға қажетті инженерлік-техникалық және ғылыми кадрларды даярлау озық технологияның тілін білетін білгір мамандарға деген қажеттілікті азайтады. Елімізде бүгінде жаңа «Назарбаев университеті» арқауында нарық сұранысына бағдарланған жоғары оқу орындарының инновациялық моделі қалыптастырылуда. 2020 жылға қарай халықаралық стандарттар бойынша тәуелсіз ұлттық аккредитациялаудан өткен ЖОО-лардың үлесі 30 пайызды құрайтын болады. Инновациялық қызметті жүзеге асыратын және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізетін ЖОО-лардың үлесі 5 пайызға дейін артады. Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс. Осындай ауқымды міндеттерді жүзеге асыруда отандық ғалымдардың ресейлік әріптестерімен қоян-қолтық жұмыс істеуі құптарлық. Облыста ұйымдастырылып отырған алғашқы халықаралық ғылыми конгресс екіжақты тиімді ғылыми жаңалықтар мен ортақ жобаларды жүзеге асыруға ықпал етеді деп сенемін», - деді Серік Кенжебекұлы.

Ұлттық инженерлік академия облыстық бөлімшесінің төрағасы Ақсерік Әйтімов Қазақстанда әлеуметтік жаңғырту саясатының басты аспектілерінің бірі ретінде білім беру саласы таңдалып алынғанын қонақтарға құлаққағыс ете отырып, әрбір қазақстандықтың жеке кредосы «Өмір бойы білім алу» екендігін жеткізді. Оның айтуынша,университеттік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз ету үшін магистрлар мен PhD докторлар дайындауға күш салынады. Осы тұста ғылым жолын таңдағысы келетін әлде ғылымға мойын бұрғанымен, түрлі себептермен еңбектерін қорғай алмай жүрген ізденімпаз жастарға үлкен қолдау көрсетіледі. Олар Ресейдің іргелі жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдіріп, ғылыми атақ ала алады. Мейлі, олар ресейлік жас ғалым болып саналсын. Бірақ кейін Отанына оралып, ел игілігі үшін қызмет етсе, ұтылғанымыздан ұтқанымыз көп болады. Сондықтан міндет - сол болашақ ғалымдарды тәрбиелеудің алғышартын қалыптастыру, әріптестіктің көкжиегін кеңейту.

Тарих тамырластырған қос мемлекеттің ғылыми ортасында ортақ нәтиже қазірдің өзінде бар. Мәселен, Пенза мемлекеттік университеті бірнеше жылдан бері Ұлттық инженерлік академияның облыстық филиалымен, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетімен және «Алгоритм» технопаркімен бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді. Пенза инноваторлары аймақтық одағының өкілі Петр Харитоновты қазақ билігінің ғылымды өндіріспен ұштастырудағы батылдығы, әсіресе, қаржылай қолдауға дайындығы қызықтырады. «Бізде уақыт талабына сай үлкен сұранысқа ие инновациялық жобалар бар, бірақ оны өндіріске енгізуге қаражат пен мамандар тапшы. Қазақстандық ғалымдармен бірлесіп, екі жыл ішінде 17 жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Қазір Қазақстанның шалғай ауылдары мен қыстақтарында қолдануға болатын желден қуат алатын қондырғылар жобасымен айналысып жүрміз. Бұл - өз бетінше жұмыс істейтін, еш шығынды қажет етпейтін қуат көзі. Батысқазақстандық әріптестерімізбен бірге жыл соңына дейін осы қондырғыны сынап көрмекпіз», - дейді ол.

Осы орайда жуырда облыста Пенза мемлекеттік университетімен кандидаттық, докторлық диссертацияларға дейінгі барлық деңгейдегі мамандар даярлау үшін келісімшартқа қол қойылмақ.

Елбасының тапсырмасымен 2004 жылы ілкі жоба ретінде құрылған республикадағы тоғыз аймақтық технопарктің бірі Орал қаласында орын тепкен. Қазіргі таңда технопарк базасында мұнайгаз саласына аса қажетті мамандарды 41 бағыт бойынша даярлау мақсатында еліміздің ірі жоғары оқу орындарымен келіссөздер жүргізілуде. БҚО үшін мұнай-газ машина жасау, металл өңдеу, мұнай-химия, прибор жасау, табиғат қорғау технологиялары және баламалы қуат көздері салалары басым жобалар қатарына жатады. Самара мемлекеттік техникалық университетімен және «Самтехнонефть» ғылыми-өндірістік кәсіпорнымен магистральды мұнай құбырларын тазалау жобасы жүзеге асырылуда. «Алгоритм» аймақтық технопаркінің директоры Әлихан Разов биыл Жәңгір хан атындағы БҚАТУ мен Саратов мемлекеттік техникалық университетінің күшімен машина және прибор жасау саласына қажетті бірқатар жобалардың іске асырыла бастайтынын мәлім етті.

Екі күн бойы конгреске қатысушылар секциялық мәжілістерде баяндамалар жасап, Батыс Қазақстан мен Самара облыстарының экономикалық, аймақтық және кадрлық ерекшеліктерін ескере отырып, аймақтық технопарктер мен инженерлік академиялардың, ғылым-білім кешендері мен инновациялық орталықтардың интеграциялық арақатынасын өрістету, халықаралық әріптестікті кеңейту жолдарын қарастырды.

Соңғы жаңалықтар