Оралда Қазақстан мен Ресей шекаралық өңірлерінің форумы өтеді
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты.
«Жалпы, әртүрлі бизнес форумдар, көрмелер өткізу өте тиімді іс. Өзіңді таныстырумен қатар, өзгенің жетістігін білесің, қарым-қатынасты жолға қоясың. Аталып өткендей, Ресей Федерациясының көршілес 5 облысына ресми сапармен барып келдік. Соның аясында біздің көптеген белсенді бизнесмендер шешілмей тұрғаны күрделі мәселелердің түйінін тарқата алды», - деді ол.
Өңір басшысының атап өтуінше, облыс делегациялары сонымен бірге Татарстанға және Ресейдің басқа да субъектілеріне барып, Батыс Қазақстан облысының әлеуетін, мүмкіншілігін көрсетіп жүр. Сонымен бірге өткен жылдың күзінде «WestKazInves» көрмесі өтіп, оған Беларусь пен Ресейден көптеген ірі кәсіпорындар мен осы салаға қатысты мекемелердің өкілдері қатысты.
«Келесі айдың 10-шы жұлдызында Орынбор облысының ресми делегациясы біздің өңірге келіп, форум өткізеді», - деді Н.Ноғаев.