Оралда қазақстандық үлесті арттыру мәселесі талқыланды

Бұл жолы құрамында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жергілікті қатысты дамыту департаменті директорының орынбасары Талғат Момбаев пен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Темірлан Баймұхамбетов бар жұмыс тобы алдымен өңір кәсіпорындарында болып, істің мән-жайымен танысты.
Содан кейін «Алгоритм» технопаркінде өткен жиында Т.Момбаевтың атап өткеніндей, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алулардың нормативтік базасы жасалып, жүйеге түсті деуге болады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа салалар дамып, шығарылатын өнім түрі көбейді. «Кен пайдаланушылардың тізімі», «Қазақстандық үлес» ақпараттық жүйелерінде 18 мыңнан астам тапсырыс берушілер мен 15 мыңнан астам отандық тауар жеткізушілер мен қызмет көрсетушілер тіркелген. Қазақстандық үлесті арттырудың негіздері - мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен холдингтер, сондай-ақ жүйені құраушы кәсіпорындар.
Кеңесте CT-KZ сертификатының болуы кәсіпкерге қандай артықшылық беретіні, жергілікті үлес бойынша жүйенің жетілдірілмегені де сөз болды.