Оралда кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылуына орай шаралар өткізілді

Ауған жеріндегі әскери қақтығысқа 22 мың қазақстандық қатысып, олардың 761-і жат жерде опат болды. Тек БҚО-дан бір мыңнан астам жауынгер қатысып, 27-сі ерлікпен қаза тапты.
Ауған соғысы құрбандарын еске алуға арналған жиынға қаза тапқан жауынгерлердің ата-аналары, Ұлы Отан соғысы ардагерлері және интернационалист-жауынгерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, студенттер мен оқушылар көп жиналды.
Аталмыш шараның мән-маңызы жоғары екенін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев атап өтті. «Өткенге көз жібере отырып, мына отырған ақ шашты аналарды көріп тұрып, қазақша айтқанда, «он екіде бір гүлі ашылмаған» жас жігіттердің өмірін қиған соғыстың қажеті бар ма еді деп те ойлайсың. Бірақ сол кезде жер шарының саяси картасында от шарпыған бауырлас елде тыныштық орнату үшін интернационалдық көмек беру қажет болды. Өздерінің борыштарын өтеген біздің жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Олар ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрін жалғастырып, өздерінің борыштарын адал атқарып, қанды шайқастарға қатысты. Интернационалист-жауынгерлер берген тапсырмаларды әскери анттарына сай орындады. Көптеген адам төзгісіз қиындықтарды бастан кешірді. Көпшілігі мемлекеттің жоғары наградаларына ие болды. Бүгінгі бейбіт өмірде біздер Ауған соғысы жауынгерлері ардагерлеріне, ұлдары қаза тапқан ата-аналарға, олардың отбасына аса құрметпен қарап, қамқорлық көрсетіп келеміз. Бұл - біздің азаматтық парызымыз. Сондықтан ардагерлердің тұрмыс-тіршілігін алдағы уақытта да үнемі назарымызда ұстаймыз. Ал олар өз кезегінде жас толқынға әскери-патриоттық тәрбие беруге үлес қосады деп сенемін», деді әкім.
Бұдан соң жиынға қатысушылар Ауған соғысы туралы фильмді көріп, бір минут үнсіз тұрып, боздақтардың рухына тағзым етті.
Ұлы Отан соғысының ардагері Қадыр Ғайсин, Ресей Федерациясының Орал қаласындағы консулы Саид Забитов, қарулы күштердің ардагері Николай Дегтярев сөз алып, Ауған соғысындағы кеңес әскерлері халықтар достығының шынайы көрінісін көрсете білгенін, елге оралмаған жерлестерге арнап ескерткіш орнату, Ауған жерінен келген «200» жүкті (мырыш табытқа салынған жауынгер сүйегі) қабылдау қаншалықты қиын болғанын тебірене әңгімеледі.
Жиынға арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл өз сөзін Ауған соғысы құрбандарына арнаған өлеңімен бастап, жұртшылықты елең еткізді. «Бұл күн - ұлынан айырылған аналар үшін, қандыкөйлек жолдасынан айырылған біздер үшін қастерлі күн. Өлгендер қайтып келмейді, бірақ Ауған соғысының құрбандары мәңгі есімізде. Әрдайым тәуелсіз еліміз аман, жұрт тыныш болсын», - деді ол. Бұдан соң Б.Смағұл «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының шешімімен «Бауыржан Момышұлы» медалін облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа және Ауған соғысы ардагерлерінің бір тобына табыс етті.
Мінбеге көтерілген Ауған соғысының мүгедектері және ардагерлерінің Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тахир Қосжанов бір топ Ауған соғысы ардагерлеріне орден, медальдар және «Балалар соғысқа қарсы» қалалық байқауының жеңімпаздарына грамоталар мен бағалы сыйлықтарын табыстады.
Жиынға қатысушылар Жеңіс алаңындағы Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысында қаза болған жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.