Оралда кибералаяқтар тұрғынның 5 миллион теңгесін жымқырды
АСТАНА. KAZINFORM – Орал қаласында кибералаяқтар тұрғынның 5 миллион теңгесін иемденді.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, қала тұрғынына белгісіз адамдар қоңырау шалып, SMS арқылы келген кодты айтуын сұраған. Кейін олар өзін банк қызметкерлері мен Қазақстан Республикасы қаржылық мониторинг агенттігінің мамандары ретінде таныстырып, әйелдің атына несие рәсімделіп жатқанын хабарлаған. Қаражатты қорғау мақсатында арнайы қосымшаны шұғыл орнату қажеттігін айтқан. WhatsApp мессенджері арқылы жалған бағдарлама жіберіліп, ол арқылы алаяқтар жәбірленушінің телефонына қашықтан қол жеткізген. Осылайша, олар 5 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп, қаражатты өз мақсаттарына жұмсаған.
Полиция азаматтарға белгісіз сілтемелер арқылы қосымша орнатпауға, ресми банк қосымшаларын тек App Store немесе Google Play дүкендерінен жүктеуге кеңес береді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мессенджерлер арқылы орнатуға арналған файлдар жібермейтінін ескертеді. Мұндай қоңыраулар түскен жағдайда сөйлесуді тоқтату қажет.
Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Еске салсақ, бұдан бұрын әлеуметтік желі арқылы 7,7 млн теңге иемденген алаяқ 6 жылға сотталғанын жазған едік.