Оралда қирайын деп тұрған үйдің иелеріне өтемақы төлеу қарастырылып отырған жоқ - БҚО әкімі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оралда қирау қаупі төнген үйдің иелеріне өтемақы төлеу қарастырылып жатқан жоқ. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.
None
None

Дегенмен оның айтуынша, сараптама нәтижесі шыққаннан соң, заңнама шеңберінде барлық шаралар жасалатын болады.

«Терезе жақтауын бұзу барысында тұрғын үйдегі кіреберістің барлық жеріне сызат түскен. Онда тұрып жатқан 12 отбасыға уақытша паналау орындарын ұсындық. Қазіргі уақытта 3 отбасы сол жерлерге көшуге келісті, қалғандары өздерінің туыстарына және таныстарына көшіп кеткен. Сараптамадан кейін біз қолда бар Қазақстан заңнамаларына сәйкес шешімдер қабылдайтын боламыз. Ол тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жасалу керек пе, әлде оны бұзып, қайтадан салу қажет бола ма, оны сараптама көрсетеді. Әзірге оның қорытындысы жарияланған жоқ», - деді облыс әкімі.

Тілшілердің «егер оны жою туралы шешім шығарылса, оның иелеріне қандай да бір өтемақы төлене ме?» деген сауалына Н.Ноғаев: «Барлығы заңнама аясында жүргізіледі. Бірақ қазіргі уақытта ондай жоспар жоқ», - деп қысқа қайырды.

Айта кетейік, Орал қаласында Жуков көшесі 15-мекенжайындағы төрт қабатты тұрғын үй құлап қалудың сәл-ақ алдында тұр.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен түскен мәліметке қарағанда, бірінші қабаттағы плита жабыны құлаған, екінші және үшінші қабаттарға қауіп төнген, соған байланысты бекіту жұмыстары жасалды. Ең бастысы, тұрғындар дер кезінде шығарылды.

Оқиғаға байланысты Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов басқаратын жедел штаб құрылып, жұмыс істеуде. Арнайы комиссия барлығын тексергеннен кейін тиісті шешім қабылдайтын болады.

Аталмыш үй тұрғындарының сөзіне қарағанда, ғимаратта дүкендер орналасқан. Соған байланысты қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілген. Үй ескі, 1961 жылы салынған.

Соңғы жаңалықтар