Оралда «Қоғамдағы қауіпті дерт - жемқорлық» атты форум болды

ОРАЛ. 10 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалының ұйымдастыруымен «Қоғамдағы қауіпті дерт - жемқорлық» атты форум болып өтті.
None
None

Тәуелсіздіктің жиырма жылдық бел-белесі көңіл таразысынан өткізіліп, болашаққа бағдар жасалар тұста мемлекеттік саясаттың басым бағыты саналатын жемқорлыққа қарсы күрестің тосын тетіктерін анықтаудың маңызы зор. ТМД-да ең алғашқы болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңды қабылдаған Қазақстан жемқорлықпен күрестің тиімді айла-шарғыларын ұсынуда және іске асыруда да алдыңғы қатардан көрінуі тиіс. Осы орайда, еліміздегі ең беделді әрі жетекші «Нұр Отан» партиясының бастамасымен жүйелі әрі кешенді түрде атқарылатын жемқорлықпен күрес шараларына Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың студенттері белсенді атсалысып келеді.

Форумда алғашқы болып сөз алған Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ректоры, профессор Қазыбай Бозымов қоғамда жоғарғы оқу орындарын жемқорлық жайлап алған деген біржақты, жадағай көзқарас қалыптасып қалғанына тоқталып өтті.

-Халыққа еліміздегі жоғары білім беру үрдісінде жемқорлық қылмысқа жағдай тудыратын көріністердің алдын-ала анықталып, жойылатынын, яғни жыл он екі ай кешенді жұмыс жүргізілетінін түсіндіру, жеткізу үшін ашықтық пен жариялылық қажет. Тәуелсіздіктің жемісіндей болып, соңғы жиырма жыл ішінде оқу процесіне енгізілген жаңашыл әдістер, сондай-ақ студенттердің құқығын қорғайтын түрлі қоғамдық ұйымдар мен жастар бірлестіктері парақорлықпен күрестегі пәрменді құрал. Әйткенмен, атқарылған іспен шектеліп қалуға болмайды, насихат жұмыстарын тағы да күшейту, жетілдіру қажет. Ойымызды ортаға тастап, еркін пікір алмасып, баршамызға ортақ мәселені тиянақты шешуде аталмыш форумның берері мол, - деді.

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Абат Шыныбеков көпшіліктің санасында сыбайлас жемқорлықпен тек үкімет, құқық қорғау органдары ғана күресу керек деген пікір қалыптасып қалғанын, ал шын мәнісінде, сыбайлас жемқорлықпен күрес - бүкілхалықтық міндет екенін айтты.

-Жемқорлық қылмыстарының ішінде пара алу, алаяқтық және мемлекеттік сатып алуға жауапсыздықпен қарап, заң талаптарын көлденең басу фактілері азаймай отыр. Облыста биыл «Нұр Отан» партиясының 12 мүшесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, үш мүшесі сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызғаны үшін партия қатарынан шығарылды, - дей келе, биыл жемқорлықпен күреске бағытталған форум формасының өзгергенін, қаланың бірнеше жерінде бір мезетте ұйымдастырылып, ауқымды сипат алғанын жеткізді.

Бұдан соң «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшелері - университеттің бірінші проректоры Өтеген Таубаевқа, оқытушылар Раниль Джапаров пен Алтынай Мұқаеваға, жастар ісі жөніндегі комитет жетекшісі Мұратбек Ержақыпқа алғысхаттар табыс етілді.

Сыбайлас жемқорлықпен күресті табысты жүргізіп жатқан Англия, Америка, Германия, Финляндия сияқты мемлекеттердің тәжірибесін зерделеп өткен магистрант Гауһар Балжанова мен оқытушы Айжан Жақыповалар жемқорлық пен парақорлыққа тосқауыл қойылса, тұрмыс-тіршілігіміз жақсарады деген азаматтық сана қалыптастыру жолдарын қарастырды.

Студенттер атынан сөз алған «Орал студенттер альянсының» көшбасшысы Салтанат Тұманбаева мен «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі Еркін Мұратов өз болашағына алаңдайтын, өз елін шын сүйетін жастардың жемқорлық атаулыға қарсы екендігін айтып өтті.

Форум соңында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың профессор-оқытушылары мен студенттерінің үндеуі қабылданды.

Форум аясында «Болашаққа жемқорлықсыз» атты көрме мен плакаттар байқауы ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар