Оралда қоқыс арасынан егеуқұйрықтар шығып жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында теміржол вокзалы маңында қоқыстың үйіліп жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.

а
Фото: instagram.com/ zhaloby_uralsk__official

Қала тұрғынының мәлім еткеніндей, неше түрлі қоқысты адамдар осы араға лақтырып кетеді. Қанша айтылғанымен, ПИК-тер, учаскелік полиция инспекторлары, Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі ешқандай шара қолдана алмай отыр.

- Осы маңнан балалар алаңы қашық емес. Ет, сүйек қалдықтарын иттер жеп жатыр. Бұл жерден егеуқұйрықтар да шығады. Жалпы, қалада егеуқұйрықтардың көбейіп кеткені жөнінде тұрғындар хабарласуда. Шұғыл шарасын алынбаса, ауру тарауы да ықтимал, - дейді қоғам белсендісі Алмагүл Иқсанова.

в
Фото: видеодан алынған скрин

Аталған мәселеге байланысты Орал қаласы әкімдігі жауап берді.

Әкімдіктен алынған мәліметке қарағанда, қазіргі уақытта табиғат қорғау полициясымен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нақты мекенжай анықталғаннан кейін Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан аумақты тазарту жұмыстары ұйымдастырылады.

- Қала аумағындағы қоқыс алаңдарын тазарту жұмыстары күнбе-күн жүргізіледі. Сонымен қатар егеуқұйрықтарды жою бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен және басқа да құзырлы мекемелермен бірлесіп тиісті шаралар қабылдау мәселесі қарастырылып жатыр, - делінген ресми жауапта.

Осыған ұқсас жағдай Орал қаласына іргелес орналасқан Бәйтерек ауданы Мичурин ауылында анықталды. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, Комсомол және Придорожный көшелерінде ірі тұрмыстық қалдықтар үйіндісі пайда болған. Егеуқұйрықтар шауып жүр. Мичурин ауылдық әкімдігі тарапынан көмек болмай тұр.

Kazinform тілшісінің сауалына орай Бәйтерек ауданы әкімдігі қазіргі кезде ауыл тұрғындарының ірі көлемді қоқысты көптеп шығаруына байланысты аталған жердің толып кетіп тұрғанын жеткізді.

Әкімдік мәліметіне сәйкес ірі көлемді қоқыстарды шығаруға келісімшарт бар. Алдағы 1-2 күнде алынады. Жалпы, қоқыстар жиналған уақытта уақытылы шығарылып тұрады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда стихиялық қоқыс алаңында мұнай компаниясының құжаттары шашылып жатқанын жазған едік.

Сондай-ақ Оралда карьер суының жасыл түске боялуы тұрғындарды алаңдатты.