Оралда карьер суының жасыл түске боялуы тұрғындарды алаңдатты

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласына қарасты Желаев ауылы маңында орналасқан карьердің суы жасыл түске боялғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.

Оралда карьер суының жасыл түске боялуы тұрғындарды алаңдатты
Фото: Видеодан скрин

Осыған байланысты тұрғындар пікірін жазып, алаңдаушылығын білдірді. Олардың кейбірі сол маңда моншаның көптігін, солардың кәріз суын карьерге ағызуы мүмкін екендігін айтты. Сонымен қатар бос қалған саяжайларда қазір адамдар мал ұстайды. Оған қоса құрылыс қалдықтары тасталады. 

Аталмыш мәселені анықтау үшін Kazinform тілшісі БҚО бойынша экология департаментіне арнайы сауал жолдаған еді. 

Департамент басшысы Мұрат Ермекқалиевтің мәлім еткеніндей, 13 қазан күні карьерден су сынамасы алынып, химиялық талдау жүргізілген. 

Оның сөзіне қарағанда, зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша химиялық заттардың белгіленген шекті рауалды концентрациялардан аспайтыны анықталды.

— Карьер суының жасыл түске боялуы табиғи биологиялық үдерістерге, атап айтқанда, суда микроскопиялық балдырлардың қарқынды көбеюіне байланысты болуы мүмкін. Мұндай құбылыстың пайда болуына судың температурасы, күн сәулесінің өткірлігі және су құрамындағы қоректік заттардың мөлшері әсер етеді. Балдырлардың жаппай көбеюі су түсінің өзгеруіне әкелуі мүмкін және бұл құбылыс судың химиялық ластанғанын білдірмейді, — деді М.Ермекқалиев. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да рұқсат етілмеген 110-нан астам қоқыс үйіндісі тіркелгенін жазған едік. 

Сондай-ақ БҚО-да Жайық өзеніндегі судың түсі неге өзгергені жөнінде экология департаменті жауап берді.

Оралда стихиялық қоқыс алаңында мұнай компаниясының құжаттары шашылып жатқаны белгілі болды.