Оралда көлікті мас күйде айдаған 160-тан астам жүргізуші сотталды
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында өткен жылы мас күйде ұсталған 163 жүргізуші сотталды.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бұл жүргізушілер көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы сот шешіміне қарамастан, масаң күйде қайтадан рульге отырған.
Мысалы, З. деген азамат масаң күйінде көлік жүргізгені үшін сотталған. Соттылық мерзімі өтпесе де, ол мас күйде көлікті қайта тізгіндеген.
Үкімге мемлекеттік айыптаушының табанды ұстанымы және сотталушының кінәсі туралы сотқа ұсынған бұлтартпас дәлелдері ықпал етті.
Сот жүргізушіні кінәлі деп тауып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуді белгіледі. Сонымен қатар ол көлікті басқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Қазақстан Республикасының заңнамасында мас күйінде көлік жүргізгені үшін әкімшілік жазамен қатар қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. ҚР ҚК 346-бабына сәйкес айыпты деп танылған адамға көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырумен бірге 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі.
- Осы орайда қайталанатын қылмыстарға жол бермеу мақсатында Орал прокуратурасының бастамасымен бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған сотталғандардың қатысуымен ашық сот отырысы да өткізілді. Оқиғаларды талдау жүргізушілердің заңсыз әрекеттері қасақана жасалғанын көрсетті. Алдын алу шаралары мен ескертулерге қарамастан, мұндай жағдайлар толастамай тұр, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында 40 алкомаркеттің 15-і лицензиясынан айырылғанын жазған болатынбыз.