Оралда Конституция күні кеңінен тойланды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алдымен қаладағы ірі өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс фирмалары, облыстық департамент, басқармалар, жоғары және орта арнаулы оқу орындары, мектептер және басқа мекеме-ұжымдар сап түзеп, Достық даңғылымен Абай ескерткіші тұрған орталық алаңға дейін салтанатпен жүріп өтті. Сөйтіп батысқазақстандықтар да көтеріңкі көңіл-күймен Ата заңға адал екендіктерін білдірді.
Содан кейін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған жұртшылық көгілдір экраннан Астанада тұңғыш рет өткізілген әскери шеруді тамашалады.
-Осындай салтанатты сәтті көріп тұрып, көңіліңді мақтаныш сезімі кернейді, - деді ҚазАқпарат тілшісіне Батыс Қазақстан медицина колледжінің директоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты, таяуда ғана көп жылғы еңбегі үшін Ы.Алтынсарин атындағы медальмен марапатталған Мақсот Берген - Бүгін күн де ашық, көңіл де сондай асқақ. Қазақстанның осындай дәрежеге жетуі - әрине, ең алдымен Елбасымыз жүргізіп отырған көреген саясаттың арқасы. Бұған елдің әр азаматы, соның ішінде оқу орындарының ұстаздары мен шәкірттері де үлес қоса беретін болады. Мысалы, бізде 800-ге жуық студент білім алса, 150-дей адам жұмыс жасайды. Біздің мақсатымыз - бәсекеге қабілетті мамандар даярлап шығару.
Бүгін Абай алаңында облыс өнерпаздары мерекелік концерт қойса, мейрам түсқайта қалалық мәдениет және демалыс саябағында жалғасады. Кешкісін Абай алаңындағы мерекелік бағдарлама отшашуға ұласады.