Оралда қос бірдей нысан мерзімінен бұрын берілгелі отыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Өңірге танымал «Отделстрой» құрылыс-коммерциялық фирмасы» ЖШС қос бірдей нысанды мерзімінен бұрын бергелі отыр.
None
None

Компания басшысы, «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Валентина Михноның сөзіне қарағанда, Орал қаласының жаңа шағынауданында салынып жатқан Достық үйін келісімшарт бойынша алдағы жылдың ақпан айында беру көзделгенімен, оның құрылысы негізінен бітіп тұр. Бір аптадан кейін тұңғыш Президент күніне орай іске қосу ойластырылуда. Жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді алып жатқан сәулетті ғимаратты салуға 800 миллиондай теңге бөлінген. Достық үйінде Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы мен өңірдегі барлық этномәдени орталықтар қоныстанып, ассамблея жоспарлаған шаралардың бәрі де осында өтетін болады.

«Отделстрой» компаниясы мемлекеттік тапсырысқа сәйкес екінші нысан - Оралға қарасты Зачаган кентіндегі 9 қабатты 72 пәтерлік тұрғын үй құрылысын да сапалы жүргізуде. «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес Ұлттық қордан бөлінген қаржы толықтай игеріліп, тұрғын үйді Тәуелсіздік мейрамына орай пайдалануға беру жоспарлануда.

Айта кетейік, «Отделстрой» фирмасы - алдағы желтоқсан айында ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы үшін республикалық байқауына Батыс Қазақстан облысынан қатысатын алты компанияның бірі. 2003 жылы елімізде алғашқылардың бірі болып құрылыс саласында ИСО-9001 халықаралық сапа стандартын енгізген «Отделстрой» қандай нысанды қолға алса да, оны мерзімінде әрі сапалы тапсыруды мақсат етеді.

Соңғы жаңалықтар