Оралда ҚР Президентінің жүлдесі үшін халықтық спорт ойындары басталды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарысқа облыстың барлық он екі ауданы мен Орал қаласынан командалар қатысуда. Спортшылардың жалпы саны мың жарымнан асады. Сайыс волейбол, шағын футбол, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, кір тасын көтеру, қол күресі, қазақ күресі, үстел теннисі, жазғы президенттік көпсайыс, отбасылық жарыстар, бильярд және самбо күресі бойынша өтуде.
Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім бастығы Тұрарбек Бекарыстановтың айтуынша, шараның басты мақсаты - халықтық ойындарды көпшілікке тарату және дамыту. Әсіресе, отбасылық жарыстар бүтін бір шаңырақты спортқа ден қоюына жетелейді. Елбасы Жолдауына сәйкес осындай жарыстарды жиі өткізу арқылы спортпен айналысатын көпшіліктің қатарын арттыруға болады. Сонымен қатар бұқаралық спорт пен халықтық ойындар Қазақстанды мекендейтін ұлт пен ұлыстар арасындағы достықтың нығая түсуіне септігін тигізері сөзсіз.
Бұған дейін әр ауданда іріктеу ойындары өткен болатын. Оралда сондықтан ең мықты командалар сайысуда. Осы жарыста жеңімпаз атанғандар шілде айының 3-6-сы күндері Оралда өтетін республикалық IV халық спорты ойындарына қатысады.
Облыстық жарыс мамырдың 30-на дейін созылмақ.