Оралда ҚР тұңғыш Президенті музейінің көшпелі көрмесі ашылды

Музей 2004 жылы ашылған. Алғашында онда бес мыңға жуық экспонат болған екен. Қазір мұнда жинақталған рухани қор жәдігерлері 100 мыңға жуық. Ал 2005 жылдан бастап, музейдің көшпелі көрмелері Атырау, Қарағанды, Өскемен және басқа қалалардағы тұрғындар назарына ұсынылыпты. Оралға ат басын тіреп тұрғаны тұңғыш рет. Бұл жолы батысқазақстандықтар Елбасымыз Н.Назарбаевтың шетелдік іссапарлары кезінде және түрлі халықаралық жиындарда оған сыйға ұсынылған 200 данадан аса жәдігермен таныспақ.
- Бізді Жайық өңірінің жұрты ерекше ықыласпен қарсы алды, - дейді Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті музейі экскурсия және экспозиция бөлімінің бас сарапшысы Ергелді Құсайын, - Әлемде теңдесі жоқ кейбір жәдігерлер оралдықтардың қызығушылығын туғызарына сенеміз. Көрме 3 қазан-3 қараша аралығында жұмыс істейді. Жалпы алғанда, біздің Астанадағы орнымызда 65 адам еңбек етеді. Ал онда күнде отандастар мен шетелдік қонақтар келіп тұрады.
Салтанатты рәсімде облыс әкімі Н.Ноғаевтың атап өткеніндей, көрме - Елбасымыз Н.Назарбаевтың сан қырлы, ел игілігі жолындағы сыртқы еңселі қызметін құжаттар арқылы танытудың бір нышаны. Мұнда сан алуан құнды жәдігерлер жинақталған. Осының бәрі Елбасымыздың жұмысын кез келген адамға бір табан болса да, жақындата түскендей.
Сонан кейін сөз алған аталмыш музей директорының орынбасары Гүлайша Ақтаева атқарылып жатқан қызметтің саяси-рухани мәнін кеңінен әңгімелеп, жылы ниетпен қарсы алғаны үшін алғыс айтып, облыс әкімі Н.Ноғаевқа және облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымына ескерткіш сыйлықтар табыс етті.