Оралда құбыр ауыстыруға байланысты 200-ден астам абонент ыстық сусыз қалды
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында алдағы жылыту маусымына дайындық барысында жылу және ыстық су құбырларын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Жайықжылуқуат» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Бекболат Қамешовтің мәлім еткеніндей, бекітілген жылдық жоспарға сәйкес 5-шағынауданда 4-орталық жылыту пунктінде 9-ыншы және 10-жылу камерасы аралығында диаметрі 133 мм жылу жүйесі, диаметрі 108 мм және 76 мм ыстық су құбыры ауыстырылады.
Оның сөзіне қарағанда, мұндағы құбырдың жалпы ұзындығы – 55 метр.
- Осыған байланысты 2025 жылғы 8 шілдеден 18 шілдеге дейін 5-шағынауданындағы 3, 4, 5-үйлерге ыстық су беру уақытша тоқтатылды. Бұл шектеу 208 абонентке қатысты, - деді Б.Қамешов.
Мекеме басшысының айтуынша, қала бойынша кәсіпорын қаржысы есебінен 330,8 млн теңгеге ұзындығы 5,5 километр құбыр ауыстырылмақшы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында жылу құбырлары жөнделе бастағанын жазған едік.