Оралда Құрманғазы оркестрі концерт қойды

Қазақ өнерінің ұстаханасына айналған, әлемге аты мәшһүр оркестрдің кезекті концерті ұлы күйші Құрманғазы Сағырбаевтың 190 жылдығына және 2012 жылы өмірден өткен күйші-композитор, ҚР халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Тұяқберді Шәмеловтің рухына арналған еді.
Шымылдығы Түркештің «Көңілашарымен» ашылған кеш Құрманғазының «Балбырауыны», Динаның «16 жыл», Тәттімбеттің «Саржайлауымен» жалғасып, күйді сағынған көрермен әп дегеннен-ақ кең даланың құшағында көсілгендей әсерге бөленді. Домбыраның қасиетті үні алма-кезек Е.Брусиловский мен П.Чайковскийдің, артынша И.Тамариннің композициялық шығармаларымен ауысып отырды.
Тұяқберді Шәмеловке арналған концерттің екінші бөлімінде оның күйлері тартылып, әндері шырқалды. Атап айтқанда, Т.Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Нұрғисаны сағыну», «Арманда кеткен ағалар» (өлеңі Қ.Мырза Әлінікі) әндері көпшіліктің көзіне жас үйірді. Ал Тұяқбердінің «Дәулеткерей ақжелең», «Қали-Мәмен - күмбір күй» күйлері дүйім жұрттың жүрегін толқытып өтті. Күй кеші Құрманғазының «Сарыарқасымен» қорытындыланды.
Құрманғазы оркестрі бұл жолғы өнер сапарында өңірдің бірнеше ауданында болып, концерт қойды.