Оралда мектеп маңында ит өріп жүр: ветстанция не істеп жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде Орал қаласындағы № 47 орта мектеп маңында иттердің өріп жүргені туралы бейнежазба жарияланды.

Осыған байланысты ата-аналар балаларды өздігінен сабаққа жіберуге, дүкенге жұмсауға қорқатыны жөнінде пікірлерін білдірді.
БҚО ветеринария басқармасынан мәлім еткеніндей, Facebook әлеуметтік желісінде 24 қаңтар күні жарияланған бейнематериалдар бойынша Орал қалалық ветеринариялық станциясына тапсырма берілген.
Ветеринариялық станцияның аулау бригадасымен Зачаган кентіндегі М.Мөңкеұлы көшесінен 6 қаңғыбас ит ауланып, жансыздандырылған.
Қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары жалғасуда.
Басқарманың нақтылағанындай, 2022 жылдың 2 наурызынан бастап «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңы қолданысқа енгізілді. Заң талаптарына сәйкес қаңғыбас иттер мен мысықтардың саны стерилизациялау арқылы реттеледі, жансыздандыру арқылы реттеуге тыйым салынған. Жеке және заңды тұлғалардың өтініші негізінде адамның өміріне немесе денсаулығына, өзге жануарларға қауіп төндірген кезде ғана қаңғыбас жануарларды жансыздандыруға жол беріледі.
- Қаңғыбас ит-мысықтар адамның немесе жануардың өмірі мен саулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке нақты қатер төндірген жағдайда тұрғындар бұл туралы, мүмкіндігіне қарай фото-видео дәлелдемелерін қоса отырып, 109 IKOMEK орталығына өтініш бере алады, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласы тұрғынының қойын иттер тағы да қырып кеткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ БҚО ауылында қаңғыбас иттер қойлар мен үй құстарын қырып кеткен.
БҚО-да қаңғыбас иттер көп: мәселені шешудің жолдары қандай екендігі жазылды.