Оралда «нұротандықтар» рейд өткізді

ОРАЛ. 9 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының жанынан құрылған арнайы топ облыстық жол полициясы басқармасы мен облыстық халыққа қызмет көрсету орталығына сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылау рейдін өткізді.
None
None

Қараша айының ортасы жақындап, ауа райы кәдімгідей суытып тұрса да, жол полициясы ғимаратында жылу жүйесі істемей тұр.

Облыстық жол полициясы басқармасының бастығы Төлеу Бедровтің айтуынша, биыл жылу жүйесі жөндетілгенімен, жылыту жүйесі қысқы маусымға іске қосылғалы бері ғимарат ішінде ақаулар шығып, соның салдарынан тоңуға тура келіп отыр. Қазіргі ғимарат халыққа сапалы қызмет көрсетуге тарлық етуде. Келушілер терезенің қуықтай көзінен ішке телмірмей, дамыған елдегідей қызметкермен бір үстелде, бетпе-бет отырып жұмысын бітіруге тиісті. Халық көп келетін тіркеу және емтихан алу бөлімін кеңейту - бүгінгі күннің басты мәселесі. Ғимарат жол үстінде орналасқандықтан, жұмыспен келген адамдардың көлігі аулаға сыймай, көшедегі жол қозғалысына кедергі келтіруде. Басқармаға төңірегі кең басқа ғимарат сұралып, облыс басшысына өтініш жасалған.

Облыс бойынша былтыр көлік саны 125 мың болса, биыл 140 мыңға жеткен, яғни тоғыз айда 15 мыңға өсіп отыр.

-Осыған байланысты жол-көлік оқиғасы да жиіледі. Соңғы он айда көлік апатынан 70 адам опат болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 адамға көп, - дейді Төлеу Бедров.

Облыстық жол полициясы басқармасының ауласында дүңгіршіктер орналасқан.

-Бұлар делдалдар, - дейді «Нұр Отан» ХДП облыстық партиясы бақылау комиссиясының инспекторы Аққали Әубекеров. - Олар көлігіне нөмір алуға, тіркеу, тағы басқа да толып жатқан жұмыстарын бітіре алмай жүргендердің қағаздарын реттеп, құжаттарын толтырып береді. Және «жұмысыңды тездетіп, кешке дейін бітіріп беремін» деп ұсыныс айтады да, қызметіне ақы сұрайды. Ал ол делдал жол полициясы қызметкерлерімен байланыста, бірақ ұстап алмаған соң, оны дәлелдей алмайсың.

Бұдан соң «нұротандықтар» халыққа қызмет көрсету орталығында болды. Мұндағы жағдай мүлде басқа. Әсіресе, азаматтарды тіркеу, есептен шығару, құжаттандандыру, құжаттарды қабылдау бөлімдерінде адам қарасы көп. Бірақ жаңа заманға сай жабдықталған залдар қызмет көрсету сапасының әлдеқайда жақсарғанын көрсетіп тұр. Мұнда да қала тұрғындары тарапынан қызмет көрсету сапасына сын айтылмады.

-Халыққа қызмет көрсету орталығы келесі жылдан бастап мемлекеттік казыналық кәсіпорын болып өзгертіледі, - дейді орталықтың директоры Венера Борашева. - Соңғы жылдары халыққа қызмет көрсету сапасы жақсарды. Құжат толтыру бір күнде, анықтамалар 10-15 минутта дайындалады. Ал жеке бас куәлігі мен паспорт екі айда, ал жетелдетілген ақылы түрінде 7-15 күннің ішінде дайын болады.

Мұндай рейдтер - «Нұр Отан» партиясы бақылау комиссиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарып жатқан кешенді жұмысының бір саласы.

Соңғы жаңалықтар