Оралда облыс әкімінің қатысуымен жаңа кеме суға түсірілді

Кемені «Орал «Зенит» зауыты» АҚ жасап шығарды.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев салтанатқа қатысушыларды Жеңіс күнімен құттықтап, бұл ретте зауыт еңбеккерлерінің үлесі мол екендігін атап көрсетті. 1941 жылы Оралға көшірілген аталмыш зауыт түрлі қару-жарақты майданға үздіксіз жөнелтіп жатты. Соғыс кезіндегі сол еңбегі үшін екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, 1993 жылдан шекара қызметі үшін кеме жасай бастаған зауыттың екінші тынысы ашылды. Бұл - «Зениттен» теңізге жолдама алған 18-інші кеме.
«Семсер» атын иеленген кеме көп ұзамай Каспий теңізіндегі қызметін бастамақ. 240 тонналық кеме жылдамдығын 30 узельге дейін жеткізе алады. Ол қазіргі заманғы жабыдқтармен, байланыс және бақылау құралдарымен қамтамасыз етілді.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі жағалау күзеті аймақтық басқармасының бастығы, генерал-майор Шынтас Өтеповтің айтуынша, мұндай үш кеме қазірдің өзінде ел шекарасын абыроймен күзетуде. Мәселен, «Жеңіс» кемесі шекаралас елдердің екі өнеркәсіп кемесін ұстады, сол бойынша қылмыстық істер қозғалды. FC-19 сериясы бойынша жасалған тағы бір кеме Дағыстан жағынан ондаған шекара бұзушыны құрықтады.