Оралда облыстық ақындар айтысы мәреге жетті

ОРАЛ. 15 наурыз. ҚазАқпарат - 14 наурыз - Қазақстанның батысындағы көрісу айт күні БҚО қазақ драма театрында өңірдегі айтыс өнерінің 55 жылдығына орай «Айтыс - асыл мұра» атты облыстық ақындар айтысы өтті.
None
None

БҚО мәдениет басқармасы мен халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған сайысқа іріктеуден өткен 12 жас ақын қатысты. Олардың арасында республикалық додалардың жүлдегерлері бар.

Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева бастаған қазылар алқасының ұйғарымымен бас жүлде (100 мың теңге) оралдық Мұрадым Мирлановқа берілді. Сондай-ақ оралдық Талғат Мықи - бірінші, теректілік Эльдар Ықсанов - екінші, ақжайықтық Айнабек Бисенғалиев пен жаңақалалық мектеп оқушысы Орынбек Меңдіқұлов үшінші орынды еншіледі. А.Бақтыгереева атындағы сыйлық оралдық Айдана Сұлтанмахмұд пен жәнібектік Назгүл Кәрімоваға, Қ.Жұмағалиев атындағы жүлде бөрлілік Жарқынбек Шынтаев пен қазталовтық Естеміс Мұхамбетовке, Ғ.Сейтақ атындағы сыйлық оралдық Алтынбек Харесовке, айтыс ақыны Нығмет Нағымов атындағы жүлде оралдық Әділ Ахметов пен Нұркен Жазықбаевқа берілді.

Жалпы, ақындар өңірдегі айтыс өнерінің дамып келе жатқанын көрсетіп, Наурыз, ұлттық рух, салт-дәстүр және бүгінгі күн шындығын жырлай білді. Айтыстағы жаңа есім деп Жаңақала ауданы Айдархан орта мектебінен келген, өмірден тым ерте кеткен ауылдасы, елге танымал ақын Асылбек Ишановтың домбырасын ұстап, жолын қуған Орынбек Меңдіқұловты айтуға болады. Сондай-ақ Оралдағы №42 «Ақ ниет» гимназиясында оқитын он жасар Әділ Ахметов болашағы бар екендігін таныта білді. Ал Алтынбек Харесов сырнайын сызылта отырып, сауатты, мәдениетті айтысты.

Соңғы жаңалықтар