Оралда өңірге танымал басшы Ж.Исатайұлына ескерткіш тақта орнатылды

Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов: «Қай заманда да еңбек еткен адамның абыройы биік. Жақия Исатайұлы ағамызға көрсетіліп отырған бүгінгі құрмет - осының айғағы», деп атап көрсетті.
Жақия Исатайұлы (1922-2007) - соғыс және еңбек ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері. Ол 1952-1982 жылдар аралығында бұрынғы Тайпақ (қазіргі Ақжайық) ауданында «Тайпақ» асыл тұқымды қаракөл кеңшарын үзбей басқарды. Кеңшар сол жылдары «асыл тұқымды зауыт» мәртебесін иеленіп, шаруашылық өндірген қаракөл елтірісі Ленинград пен Лейпциг (Германия) халықаралық көрмелеріне қойылды, Мәскеудегі БХШК (ВДНХ) көрмесінде 4 мәрте алтын, 1 қола медаль жеңіп алды. Ж.Исатаев халық шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін Еңбек Қызыл Ту, Ленин ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген зоотехнигі», «Ақжайық ауданының құрметті азаматы» атанды.
Осы күні Жақия Исатайұлы мен оның зайыбы, «Батыр ана» Қызылгүл Сүйінқызының аруағына бағышталып ас берілді. Сонымен бірге марқұмның әріптестері мен туыстарының естеліктерінен құралған кітаптың тұсауы кесілді.