Оралда онкодиспансер ашылды

ОРАЛ. 4 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласында 4 ақпанда облыстық онкологиялық диспансер ашылды.
None
None

Оның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің атап өткеніндей, мұндай істердің бәрі де Елбасының қолдауымен атқарылып келеді. Өткен жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша облыста осындай бес нысан ел игілігіне берілді. Халықтың денсаулығын сақтауда, салауатты өмір салтын насихаттауда көптеген жұмыстар істелуде. Соның нәтижесінде облыста денсаулық сақтау деңгейі көтеріліп келеді.

Заман талабына сай жабдықталып, пайдалануға берілген аурухана құрылысын «Оралстрой» ЖШС (директоры Р.Мамедов) жүргізді.

Осы шараға арнайы келген республикалық онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, еліміздің бас онкологы Жеткерген Арзықұловтың сөзіне қарағанда, республика бойынша сүт бездері ісігін анықтауда скрининг бағдарламасының енгізілгеніне үш жыл болған. Жыл сайын 400 мыңнан астам әйел маммографиядан өтеді. Соңғы үш жыл ішінде 1 млн. 200-ден астам әйел тексеруден өтті. Сан емес, сапа керек, ауруды ерте анықтауға қол жеткізгенде ғана ісік атаулыны азайтуға болады. Ал жаңа онкодиспансерге орнатылған скрининг (БҚО - мұндай орталық ашылған екінші облыс) - аурудың жасырын ошағын анықтайтын бағдарлама. Бұдан әрі еліміздің бас онкологы жаңа диспансердің мақсат-міндеттері, аурудың алдын алу, ерте анықтау және емдеу мақсатында бүгінгі таңдағы озық технологияларды енгізу туралы әңгімеледі.

Қазақстанда қатерлі ісік ауруымен жыл сайын 30 мыңға жуық жаңа науқас анықталады, 130 мыңнан астам адам есепте тұр, олардың 60 пайызынан астамы химиятерапия жүргізуді қажет етеді. Соңғы жылдары сүт бездері ісігінен қайтыс болу көрсеткіштері төмендеген. Бүгінде жер бетінде анықталып отырған 10 млн. қатерлі ісік ауруының 10-12 пайызы сүт бездерінің еншісінде. Соңғы жылдары республика облыстары мен аудандарына 100-ге жуық маммографтар сатылып алынған. Жеткерген Әнесұлы облысқа сандық маммограф аппараты қажеттілігін, сондай-ақ еліміз бойынша ерлер арасында өкпе, асқазан ісігінің басым екенін, өкпе ісігіне ұшыраған 100 науқастың 90-ны шылымқорлар екенін, елімізде салауатты өмір салтын насихаттауды жетілдіру қажеттілігін баса айтты.

Жаңадан ашылған диспансер 150 төсектік. Соңғы жылдары заманауи құрал-жабдықтармен жаңартылған диспансер тағы да қазіргі заманғы CLINC сызықтық тездеткіш сәулелі терапия аппараты және ісікті ерте анықтайтын аппараттар сияқты әлемдік деңгейдегі технологиялармен толығады деп күтілуде. Ауруханаға республикадан су жаңа көшпелі сандық маммограф пен «жансақтау» көлігі сыйға тартылды.

- Болашақта Елбасы Жолдауына сәйкес жеті бөлімшеден тұратын медициналық поезд алыс ауылдар мен аудан халқының денсаулығын нығайтуға жұмыс істейтін болады, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қамидолла Ирменов.

Сол күні республиканың бас онкологы мен алматылық білікті мамандардың қатысуымен қатерлі ісікті емдеудің заманауи тиімді жүйелері талқыланған үлкен кеңес болды. Оған тек қана онкологтар емес, облыстың басқа да дәрігерлері қатысты.

Соңғы жаңалықтар