Оралда онкологиялық ауруларды ерте анықтайтын эндоскопиялық диагностика орталығы ашылды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы БҚО онкологиялық диспансерінде эндоскопиялық диагностика орталығы ашылды.

Оралда онкологиялық ауруларды ерте анықтайтын эндоскопиялық диагностика орталығы ашылды
Фото: БҚО денсаулық сақтау басқармасы

Жаңа орталық асқазан обыры, өкпенің қатерлі ісігі және басқа кеселдер бойынша жыл сайын тегін сипатта 1500-ден астам зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Онкологиялық ауруларды ерте анықтауда шешуші рөл атқармақ. Сондай-ақ пациенттердің жалпы өмір сүру жағдайын айтарлықтай жақсартуға септеспек.

Орталықтың ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің атап өткеніндей, 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында бұған дейін Орал қаласында ядролық медицина орталығы және кәсіпкерлер мен меценаттардың қолдауымен паллиативті көмек орталығы ашылған еді. Енді мұның қатарына эндоскопиялық диагностика орталығы қосылып отыр.

БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов
Фото: БҚО әкімдігі

«Орал қаласында эндоскопиялық диагностика орталығының ашылуы – онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарды жүзеге асырудағы маңызды қадам. Заманауи жабдықтар мен озық диагностикалық технологиялардың арқасында біз пациенттердің өмір сүруін жақсартуда шешуші рөл атқаратын қатерлі ісік ауруын ерте анықтау деңгейін айтарлықтай арттыра аламыз. Қазіргі таңда бүкіл әлем өкпенің қатерлі ісігін скрининг арқылы анықтауға көшті. Осы орайда біз арнайы бағдарлама дайындадық. Кеселді ерте анықтау үшін компьютерлік томографиядан өткізу маңызды. Ең алдымен үнемі темекі шегетін адамдарды тексеруден өткіземіз. Жалпы, аталмыш орталық әрбір мұқтаж адамға уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді», - деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдарова.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдарова.
Фото: БҚО әкімдігі

Соңғы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және сандық шешімдер енгізілген озық эндоскопиялық жабдық деректерді тіркеу және ұсыну кезінде мейлінше дәлірек нәтижелерге қол жеткізуге жол ашады. Жаңа құрылғының артықшылығы - науқасты 7-10 минут ішінде тексеріп, диагноз қоюға болады.

Оралда онкологиялық ауруларды ерте анықтайтын эндоскопиялық диагностика орталығы ашылды
Фото: БҚО әкімдігі

Айта кетсек, 2023 жылдың соңындағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда 218 213 онкологиялық пациент тіркелген. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша жыл сайын 40 мыңға жуық қазақстандық қатерлі ісікке тап болып, 13 мыңға жуық науқас онкологиядан көз жұмады.

Онкологтер келесі қадам ретінде қыркүйек айының ортасында Алматыда Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының (ҚазОРҒЗИ) базасында екінші орталықтың ашылуы жоспарланғанын жеткізді. Бұл Қазақстанның оңтүстігінде заманауи диагностикалық қызметтерге қолжетімділікті кеңейте түседі. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және диагностика дағдыларын жақсарту үшін бірқатар оқыту тренингін өткізу де көзделіп отыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жатыр мойны обырынан өлім көрсеткіші 33,3 пайызға өсіп отырғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар