Оралда өртенген полигонда көміртегі тотығы шекті мөлшерден асып түскен

Оның айтуынша, БҚО бойынша Экология департаментінің зертханалық-талдама бақылау қызметкерлері полигон аумағынан ауа сынамаларын алған.
«Экологар көміртегі тотығының шекті рұқсат етілген мөлшермен (7,2 мг/м3) салыстырғанда бірінші нүктеде – 1,7 есе (8,82 мг/м3), екінші нүктеде 1,4 есе (7,2 мг/м3) асып түскендігін анықтады. БҚО бойынша Экология департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізіп, оның нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылдайтын болады», - деді Р.Біләлов.
Оның сөзіне қарағанда, 27 тамыз күні сағат 18.25-те Сырым Датұлы көшесінде орналасқан «Жайық Таза Қала» ЖШС-ның үлкен көлемді қалдықтар полигонында қоқыс жанған.
«ТЖ департаменті қызметкерлері белгісіз адамдардың кабель жаққанын анықтады. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 186-бабы 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес материал толтырылып, кінәлілерді анықтау және процессуалдық шешім қабылдау үшін Орал қаласы Полиция басқармасына жолданды. Аталған полигон 2003 жылдан бері қолданылып келеді, жалпы алаңы – 10 гектар. Тереңдігі 6 метрден асады. Осыншама уақыт бойы полигонға қатты тұрмыстық қалдықтар, бұта-жапырақтар, сондай-ақ қыс кезінде қар шығарылып келеді. Полигонның бықсып жануын толықтай тоқтату үшін 1 гектар аумақты топырақпен жабу қажет», - деді департамент бастығының орынбасары.
Еске сала кетейік, 28 тамыз күні Оралда құрғақ шөп пен қоқыс алаңы өртенгенін жазған болатынбыз.БҚО ТЖД мәліметіне қарағанда, қоқыс полигоны әлі де бықсып жатыр. 31 тамыз күнгі таңға дейін полигонға 6 363 тонна топырақ төгіліп, 2 054 тонна су шашылған болатын. 1 қыркүйек күні таңғы сағат 08.00-ден кешкі 18.00-ге дейін тағы да 1 050 тонна топырақ пен 42 тонна су жеткізілді. Жұмыстар жалғасып жатыр.