Оралда орынборлық және батысқазақстандық кәсіпкерлер бас қосты

ОРАЛ. 9 қараша. ҚазАқпарат - 8-9 қараша күндері «Алгоритм» технопаркінде орынборлық және батысқазақстандық кәсіпкерлердің қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өтті.
None
None

Бұл шара биылғы 28 мамырдағы БҚО әкімдігі мен Орынбор облыстық үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыс туралы келісім негізінде жүзеге асты. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Атамекен» одағының облыстық филиалы бірігіп ұйымдастырған жиынға көрші губернияның мемлекеттік орган қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері және жиырмаға жуық кәсіпорын жетекшілері келді.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Аслан Жақыповтың атап өткеніндей, бұл шараның мақсаты - екі облыстағы кәсіпорындардың, ұйымдардың өзара байланысының дамуына жол ашу. Сол арқылы батысқазақстандық кәсіпкерлердің Орынбор нарығына, ал көршілердің БҚО нарығына шығуына жағдай жасау.

Орынбор облыстық мәдениет, қоғамдық және сыртқы байланыс министрлігінің өкілі Андрей Новаковскийдің айтуынша, Батыс Қазақстан мен Орынбор облыстары арасындағы өзара сауда байланысының негізін Қарашығанақ кенішіндегі табиғи газ бен газ конденсатын импорттау құрап отыр. Ал экспорттау ісінде көмірсутегі шикізатын өңдеу басымдыққа ие. Сондай-ақ отын-энергетикалық кешен, машина жасау салалары бойынша да байланыс бар. Енді шағын кәсіпкерлік субъектілерінің байланысын дамытуға жете мән берілмекші. «Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған үлкен делегация көктемде Орынборға келді, - деді Андрей Новаковский. - Сонда облыс басшылары екіжақты келісімге және оны жүзеге асыруға арналған хаттамаға қол қойды. Міне, сол құжаттың арқасында бүгін біз жиналып отырмыз. Мен шекаралық мәселелермен, соның ішінде Қазақстанмен арадағы байланысқа қатысты жайттармен көптен бері айналысып келемін. Тәуелсіздік алғалы орынборлық және батысқазақстандық кәсіпкерлердің дәл осындай форматтағы кездесуі бірінші рет өтіп отыр».

Шара барысында мемлекеттік сатып алуға екі жақтың кәсіпкерлерінің қатысу жайы да сөз болды. Бірыңғай экономикалық кеңістік келісімі негізінде оны жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Алайда бұл бағытта кедергі көп екендігі осы дөңгелек үстел кезінде айқын аңғарылды. Соның бірі - мемлекеттік сатып алуға қатысқысы келетін шетелдік кәсіпкерлерден талап етілетін құжаттың көптігі. Оларды жинау үшін біраз уақыт кетеді. Сөйтіп жүргенде құжат қабылдау уақыты аяқталып қалады. Орынбор сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Олег Авдеевтің сөзіне қарағанда, көршілерімізде тендерге қатысу үшін құрылатын жалған кәсіпорындар көп. Бір күндік фирмалар, әсіресе, құрылыс саласында жиі кездеседі. Олар сатып алу бағасын шамадан тыс төмендетіп жіберді.

- Еліміздің аумағындағы мемлекеттік сатып алуға Кедендік одаққа кіретін елдердің кәсіпкерлері қатысса, қазақстандық үлеске қатысты арнайы сертификат керек. Ресейде де сондай жағдай. Бірақ ол сертификаттарды барлық жерде бірдей қабылдай бермейді. Осы мәселені шешу үшін бұл сертификаттарды мойындау жөнінде меморандум не келісімшарт қажет. Ондай құжат «Атамекен» одағында да, ресейлік сауда-өнеркәсіп палатасында да бар. Осы құжат негізінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге ұсыныс жасайтын боламыз, - деді «Атамекен» одағы облыстық филиалының директоры Айнагүл Ақашаева.

Шара барысында екі жақтың да кәсіпкерлері бұл бағыттағы заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар қажет екенін бас айтты. Соған байланысты дөңгелек үстелге жиналғандар «Атамекен» одағының облыстық филиалы мен Орынбор сауда-өнеркәсіп палатасының ұйытқы болуымен тиісті ұсыныстар мен пікірлерді жинақтап, өздерінің орталық аппараттары арқылы Үкіметке жолдауға уағдаласты.

Соңғы жаңалықтар
Референдум