12:56, 14 Қараша 2013 | GMT +5
Оралда «Оскар» түнгі клубы жанында топтық төбелеске қатысты қылмыстық іс қозғалды
ОРАЛ. 14 қараша. ҚазАқпарат - Оралдағы «Оскар» түнгі клубы жанында 6 қарашаға қараған түні жастар топ болып төбелескен. Бастапқыда осы оқиға бойынша әкімшілік хаттама толтырылса, кейін қылмыстық іс қозғалды.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сол төбелеске қатысқандардың бірі И. деген азамат облыстық ауруханаға жеткізілген кезде мас күйінде полиция қызметкерлері мен медицина қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, бүлік шығарған. Ол боқтап-балағаттап қана қоймай, күш көрсетіп, полиция қызметкерлерін аяғымен тепкен. Мұның бәрі жарақат пунктіндегі бейнекамераға түсіп қалған. Сондай-ақ медицина қызметкерлері мен сонда болғандардың айғақтарымен де расталады. Алайда жауапкершіліктен жалтару үшін жас жігіт «мені полицейлер ұрып-соқты» деп шағымданған. Шын мәнісінде ол төбелес кезінде жарақат алған. Бейнекамерадан оны үш азаматтың ұрып-соғып жатқаны көрінеді. Төбелеске де себепші болған И-дің өзі екен. Ол бұдан бұрын да бұзақы ретінде көзге түсіп, полицияға бірнеше рет әкелініп, арнайы есепке қойылған. Қазіргі кезде аталмыш оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.