Оралда Отан қорғаушылар күні аталып өтілді

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың атап өткеніндей, тәуелсіздігіміздің үшінші онжылдығына қадам басқан сәт мемлекетіміздің Қарулы күштерінің жасақталғанына 20 жыл толуымен айшықталып отыр. Бүгінде Қазақстан армиясы ТМД-дағы ең мықты әскердің бірі болуы баршамыз үшін үлкен мәртебе. Мұндай дәрежеге, сөз жоқ, Елбасымыз, Қазақстан Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында қол жетіп отыр. Бір-екі күннен соң Ұлы Жеңістің 67 жылдығы тойланбақшы. Ұрпақтарына сол Жеңісті сыйлаған ата-бабаларымыз Отанды сүюдің, қаһармандық пен жанқиярлықтың өшпес үлгісін көрсетіп кетті. Бүгінгі отан қорғаушылар сол өнегелі істі жалғастыруда.
Өз кезегінде сөз алған ҚР ІІМ ішкі әскерлері Батыс құрамасының командирі, генерал-майор Бауыржан Әбжанов жыл өткен сайын елімізде жастарға патриоттық тәрбие беру ісі қанатын кеңге жая бастағанын, әскери қызметкердің мәртбесі жоғарылап келе жатқанын айтты.
Сонан соң Орал гарнизонының әскери қызметкерлері «Мінсіз қызметі үшін» және «Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріне-20 жыл» медальдарымен маратталды.
Шара соңы Орал гарнизоны, ішкі әскер, шекара қызметі жауынгерлерінің және облысымыздағы өзге де құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әскери шеруіне ұласты.