Оралда өз үйінде есірткі сатумен айналысқан азамат қолға түсті

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, аталмыш азамат өз үйінде марихуана сатумен айналысқан. Оның пәтерін тінту кезінде жалпы салмағы 14,66 грамм марихуана табылды.
Өткен аптада басқа да бірнеше қылмыс ашылды. Биылғы 23 шілдеде «Болашақ» дүкенінде белгісіз біреу 43 жасар әйелдің 280 мың теңгесімен әмиянын қымқырып кеткен болатын. Орал қалалық Абай полиция бөлімінің қызметкерлері ұрының 16 жасар Х. екенін анықтап, ұстады. 19 қарашаға қараған түні «Флоренция» пиццериясынан 31 мың теңге мен 3 мың теңгенің «Билайн» төлем карточкасы ұрланған. Ұры желдеткіш арқылы кірген. Полицейлер саусақ пен алақан таңбасы бойынша Зачаган кентінің 21 жасар тұрғынын құрықтады. Сондай-ақ 14 қараша күні кісі тонаған 24 жасар азамат пен 16 қарашада «Мицубиси» автокөлігін айдап кеткен Зеленов ауданының 17 жасар тұрғыны да алысқа ұзаған жоқ.