Оралда пара алған полиция инспекторы сотталды

ОРАЛ. 14 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті облыстық ішкі істер департаменті заңсыз көші-қонмен күрес жөніндегі арнайы дербес взводының кіші инспекторы Қасым Жұлқашевқа қатысты қозғалған қылмыстық істі аяғына дейін жеткізді.
None
None

Департаменттің баспасөз қызметінен Ақлима Бүркітбаеваның хабарлағанындай, 2010 жылғы мамырда Қ.Жұлқашев «Автомакс» дүкенінде Ресей Федерациясының азаматтары Қазақстан Республикасында болу туралы ережені бұзғандығы, атап айтқанда, арнайы рұқсатсыз еңбек қызметімен айналысып жүргендері жөнінде алынған жедел ақпаратты тексеру мақсатында, өзінің танысы Д.Орынбасаровпен бірге аталған мекенжайға келеді.

ІІД инспекторы РФ азаматы О.Маховты көріп, оны дүкендегі сатушы деп есептеген және О.Маховтың дүкенде сатушы оның өзі емес, ұлы И.Махов екендігін айтып түсіндіргеніне құлақ аспай, одан түсініктеме алып, әкімшілік құқықбұзушылық жасағандығы туралы хаттама толтыра бастаған. Сонымен қатар Қ.Жұлқашев О.Маховты ҚР аумағынан шығарып жіберетінін және болашақта ұлының бизнесіне бөгет жасайтынын айтып қорқытқан. Осы кезде қосалқы бөлмеден шыққан О.Маховтың әйелі Л.Махова жанжалды бейбіт жолмен шешуді ұсынған. Бұдан кейін Д.Орынбасаров Л.Махованы қосалқы бөлмеге алып кетіп, оның күйеуіне әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін 50 000 теңге айыппұл төлеу қарастырылғанын, бірақ бұл жағдайды шешудің басқа да жолы барын, яғни Қ.Жұлқашевқа автомагнитоланың колонкалары түрінде пара беруге болатынын айтып түсіндірген. Бұған Л.Махова келіскен.

Қ.Жұлқашев лауазымды тұлға бола тұра, Маховтардан құны 14 000 теңге автомагнитоланың 2 колонкасы түрінде пара алып, О.Маховқа қатысты барлық іс жүргізу құжаттарын жойған. Сол күні колонкалар ІІД инспекторының автомашинасына қондырылған. Келесі күні автомагнитолаға колонкаларды түпкілікті орнату барысында Қ.Жұлқашев қаржы полициясының қолына түскен.

Орал қалалық соты Қ.Б.Жұлқашевты ҚР ҚК 311-бабы 2-бөліміне (пара алу) сәйкес қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеумен 5 жыл мерзімге құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айыруға, жазасын жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтеуге үкім етті.

Соңғы жаңалықтар