01:02, 12 Наурыз 2016 | GMT +5
Оралда пара алған пробация қызметі бөлімінің бастығына 1,250 млн. теңге айыппұл салынды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының үкімімен ҚР ҚК 366-бабы 1-бөліміне (пара алу) сәйкес айыпты деп танылған Орал қалалық ішкі істер басқармасы пробация қызметі бөлімінің бастығы И.Нағметовке мүлкін тәркілеумен бірге параның елу еселенген көлемінде 1,250 млн. теңге айыппұл салынды.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ол сонымен қатар өзін-өзі басқару және мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан және полиция майоры арнайы шенінен айырылды.
Сот талқысында белгілі болғанындай, И.Нағметов 2015 жылғы қыркүйекте сотталған К.Хабиевтен мерзімінен бұрын шартты жазаға ауыстыру мәселесін шешу үшін инспектор болып жұмыс жасаған делдал арқылы 25 мың теңге пара алған.
Сот үкімді шығарған кезде қылмыстың сипаты мен ауырлығын, сонымен қатар сотталушының өз кінәсін мойындап, өкінгенін, асырауында кәмелетке толмаған балалары бар екендігін ескерді.