Оралда парақор түрме қызметкерлері сотталды
Қалалық сот судьясы Асқар Исмайловтың мәлім еткеніндей, пара алғандардың бірі Бақтығали Шайхиев жалпы тәртіптегі РУ-170/2 түзету мекемесінде жедел бөлімді басқарса, Нұрболат Баязитов осы бөлімде жедел қызметкер болған. Құқық қорғау органдарына арыз бұрын осы мекемеде жазасын өтеген Александр Лиден түскен. Ол аталған қызметкерлердің бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстыруға көмек көрсеткені үшін өзін 200 мың теңге көлемінде пара беруге мәжбүрлегенін жеткізген. Ақша өз кәсіпорнының банктегі есепшотын көрсеткен бөгде адам арқылы берілген.
Сот үкімімен мүліктерін тәркілеумен бірге Б.Шайхиев 7 жыл 6 айға, Н.Баязитов 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтеуге сотталды. Оған қоса екеуі де арнайы әскери шендерінен айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.