Оралда полицейге шабуыл жасаған тұрғын қамауға алынды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында полицейге мас күйінде шабуыл жасаған 24 жастағы тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 19 желтоқсан күні сағат 03.50-де Мұхит пен Д.Нұрпейісова көшелерінің қиылысында болды.

«32 жастағы жүргізуші айдап келе жатқан «ВАЗ-2110» автокөлігі тоқтатылды. Медициналық куәландыруға сәйкес жүргізуші орта дәрежелі мас күйінде болған. Оның үстіне бұдан бұрын жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылған болып шықты. Жүргізушінің қасында оның 24 жастағы досы болған. Автокөлікті арнайы тұраққа рәсімдеп жатқан кезде жүргізушінің досы полиция инспекторына бұрауышпен бірнеше рет соққы жасаған. Қылмысты жасаған кезде ол мас күйінде болған», деді полиция майоры Дариға Мәжитова.

Полиция қызметкеріне шабуыл жасаған жолаушыға қатысты ҚР ҚК 380-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, ол қамауға алынды. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Жүргізуші ҚР ҚК 346-бабына сәйкес жауапқа тартылатын болады. Бұл бап бойынша көлікті басқару құқығынан өмір бойына айыру, ірі мөлшерде айыппұл, бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда екі актокөлік соқтығысып, үш адамның ауруханаға түскенін жазған болатынбыз.


Фото: БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі


Соңғы жаңалықтар