Оралда Президент күніне арналған шара «Ұлы дала перзенті» деп аталды (ФОТО)

БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, онда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Қазақ тарихы және өлкетану» орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев ХХ ғасырдың аяғында аса күрделі жағдайда ел тізгінін ұстаған Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясаткер, елін елдікке бастаған аса дарынды реформатор екенін атап өтті. «Орта ғасыр тарихындағы Ақсақ Темір: «Ең мықты әмірші орманын көре білу керек және сол орман ішіндегі жалғыз теректі де көре білуі керек» деген екен. Сол сияқты ел басқаратын адам жалпыны көруі керек, сол жалпының ішінен жалқыны да тани білуі керек. Елбасы Н.Назарбаев - қайтсем қазақ елін мәңгілік елге айналдырамын деген қазақтың ұлы перзенті, ұлт көшбасшысы. Ол ел тізгінін алмағайып, аумалы-төкпелі, ең қиын кезеңде қолына алды. Қазақстан халқын кемел болашаққа бастаушы кемеңгер тұлға ретінде елімізді әлемдегі беделді елдер қатарына қосып, ел мәртебесін асқақтатты. «Қазақстан 2050» стратегиясын жасғастырушы «Мәңгілік ел» мұратына «Нұрлы жолмен» жетуді мақсат еткен егемен еліміздің әрбір азаматы Елбасын мақтан тұтып, зор сенім артады», - деді тарихшы-ғалым.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Гүлбөбек Қалешова Елбасының өмірі мен еңбек жолына тоқталып, Астана қаласының құрылу тарихымен таныстырды.
Басқарма бастығы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллин шараға қатысушы жас мамандар мен тәлімгерлерге жуырда «Қазіргі заман қаһарманы» атанған БҚО ІІД тергеу басқармасының жүргізуші-полицейі, полиция аға сержанты Ғабит Нұғмановтың ерлігін үлгі етті. «Бабаларымыз бүгінгі ұрпақ үшін ұлан-байтақ еліміз бен жерімізді қалай сақтаса, бүгінгі күні қоғамда орын алатын заңбұзушылықтың жолын кесіп, қылмыскерлерді құрықтауда үлкен батылдық талап етіледі. Осыған сәйкес әр тәртіп сақшысы өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп, қызметін адал атқара білуі қажет», - деді ол.
Шара соңында Елбасы туралы деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ Президент күніне арналған волейбол жарысының қорытындысы жарияланып, жеңімпаз-жүлдегерлер марапатталды.