Оралда Сабантой мейрамы тойланды

None
None
ОРАЛ. 3 шілде. ҚазАқпарат - Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында татар халқының ұлттық мейрамы -  Сабантой тойланды.

Өңірде осымен оныншы жыл қатарынан тойланып отырған бұл шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты. Татар тілінде амандасқан Нұрлан Асқарұлына жиылған қауым ризашылықпен қошемет көрсетті. Облыс басшысы көпшілікті мерекемен құттықтап, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Татар мәдени орталығының төрағасы Ришат Хайруллин құрмет белгісі ретінде татар халқының ұлттық бас киімі - калэпушты әкімге сыйлады. Құрметті қонақтар қатарында Ресей Федерациясының Орал қаласындағы консулы Сергей Прохоров, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов болды. Мәртебелі меймандарға ұлттық тағамдардан дәм ұсынылды.

Сабантойдың белгісі тоқылған орамал ортаға салтанатпен әкелінгеннен кейін думан да қызды. Кештің жүргізушілері арасында орыс тілін қосқанымен, негізінен татар тілінде сөйледі. Жиналған көрерменнің көбі қаракөздер болғанмен, түркі тілдес халықтың тілін түсініп, мерекеге шын көңілімен ортақтастықтарын білдіріп жатты.

Бүгінде облыста 8400-дей татар ұлтының өкілі бар. Ұлттың салт-дәстүрін, тілін, өнерін насихаттайтын мәдени шараларды өткізуде татар мәдени орталығының өзіндік орны бар. Бірқатар аудандарда бөлімдері ашылған бұл орталықтың өнерпаздары осындай мерекелерде халықтың көңілінен шығып жүр. Бесінші жыл қатарынан сабантойға Татарстан астанасы Қазан қаласынан әртістер келуде. Биыл да сабантойға екі әртіс келіп, өнер көрсетті.

Жиын барысында мәдени орталықтың белсенді мүшелері алғысхаттармен марапатталды.

Спорттық шаралардың да көрермені көп болды. Сайыстардың барлығында да ұлттық нақыштарға үлкен мән берілген. Мереке алаңында ұйымдастырылған шеберлер қолынан шыққан бұйымдар көрмесі де жұрт назарын аударды. Концерт аяқталған соң үздік әнші, бишіні, аспапта ойнаушыны анықтайтын байқаулар басталды. Саябақтың тымық ауасында татар халқының тамылжыта салған ұлттық әндері біразға дейін қалықтап тұрды.

Соңғы жаңалықтар
telegram