Оралда Сәкен оқулары мәреге жетті
Сәкеннің 118 және ақын атындағы мектептің 88 жылдығына арналған шара барысында білім ордасына жаңадан қабылданған бірінші және басқа да сынып оқушылары салтанатты түрде ант қабылдады. Сонымен қатар Сәкен оқуларының қорытындылары жарияланып, Орал қаласы әкімдігі атынан дипломдар мен ескерткіш сыйлықтар табыс етілді. Сәкеннің шығармаларын мәнерлеп оқу, әндерін орындау, ақынға арналған туындыларды жатқа айту, өз өлеңдерін ұсыну, сурет салу, барлығы бес аталым бойынша №11 мектеп шәкірттері Айбану Ермекова, Әйгерім Мұңалбай, сондай-ақ Орал қаласындағы №27 орта мектептен Айдана Тастемірова, №36 мектептен Жеңісбек Исағалиев, Круглоозерный мектебінен Лунара Ізмағамбетова озық шығып, жеңімпаз атанды. Басқа жүлдегерлер де құр қол қайтқан жоқ.
С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінің директоры Ерсайын Сапаровтың айтуынша, алдағы уақытта Сәкен оқуларының аясын бұдан да кеңейте түсу көзделіп отыр.